Нұр-Сұлтанда жас суретшілердің республикалық байқауы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған "Ұлы даланың жеті қыры" республикалық бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер көрмесі екі күнге жалғасады.

Нұр-Сұлтан қаласы "Оқушылар сарайы" Тәуелсіздік күні мерекесіне орай жас суретшілердің бейнелеу өнері және қолөнері салаларындағы бейіндік бағыттарын айқындап, шығармашылық қабілеттерін жетілдіру және Отанға, туған жерге деген патриоттық сезімдерін одан әрі дамыту мақсатында республикалық балалар шығармашылық көрме-байқауын өткізді.


Байқауға облыс пен қала мектептерінен 500-ден аса бала қатысып жатыр. Республикалық көлемдегі бұл шараны барлық облыстар қолдады. Балалардың жұмыс деңгейі жоғары. Биылғы байқаудың ерекшелігі балалар суретті осында келіп салды. Бұрын тек суреттерін жіберетін болса, биыл өздері келді. Балалар елорданы көріп, екі есе шабыттынап жатыр, - деді Оқушылар сарайының бейнелеу өнері бөлімінің жетекшісі Гүлнар Смағұлова.
Байқауға Хромтаудан арнайы келген Айым ұлттық нақыштағы бұйымдарда қазақтың ою-өрнектерін ерекше ұнатынын айтты.


Ақтөбе облысы Хромтаудан келдім. Мен қоржын, сәукеле, тәй-тәй жасадым. Жасаған заттарымды көрсетіп жеңіске жеткім келеді. Тәуелсіздік күні қарсаңында осындай ұлттық нақыштағы заттар жасаған маған ұнайды. Қазақтың ою-өрнектері арқылы салт-дәстүрді насихаттап, көрсеткім келді, - деді Хроматудан келген Сағым Айым.
Менің суретімнің тақырыбы сырға салу. Бұл қазақтың бұрыннан келе жатқан әдемі салт-дәстүрі. Мен өз елімді жақсы көремін. Жарқын Қазақстан ұланымын, - деді Ақтөбеден келген Алтын Серікбай.


Байқау 2 кезеңде өткізіледі. Әділ қазылар мүшелері жеңімпаздарды ертең анықтайды. Байқаудың мақсаты жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы мен құрметін арттыру.

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы