Елордада «Жас Сарбаз-Тәуелсіздік тірегі!» әскери ойындары өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізілетін «Жас Сарбаз-Тәуелсіздік тірегі» дәстүрлі күзгі әскери – патриоттық ойындарының бірінші кезеңі аяқталды. Ойындар 30 қыркүйекте елорданың жалпы білім беру мекемелерінің «Жас Сарбаз» клубтарының тәрбиеленушілері арасында басталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің аумағында өткізілген іс-шара барысында ұлдар нағыз әскери өмірдің қыр-сырымен танысып, патриоттық тәрбиеге бағытталған жарыстарға қатысты.
Тәрбиеленушілер әскери-қолданбалы спорт түрлерінен, белтемірге тартылудан, автоматты бөлшектеуден, жалпы әскери қорғаныс жиынтығын киюден, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша нормативтерді орындаудан жарысты. Бұл ойындардың жаңалығы «Smart Sarbaz» робототехника байқауы болды.
Жекелеген жарыстар бойынша үздік нәтиже көрсеткен «Жас Сарбаз» тәрбиеленушілері Нұр-Сұлтан қаласының абыройын VII Республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиынында қорғайтын болады.
«Жас Сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының РҚБ Астаналық филиалы ұйымдастырған іс-шара Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің, «Астана жастары» КММ, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының және Нұр-Сұлтан қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қолдауымен өткізілді.
Әскери-патриоттық ойындарды өткізу кезінде санитарлық нормалар мен карантин талаптары сақталды.