Елордада жаңа жағажай ашылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада бассейндері бар жасанды жағажай Есіл өзенінің жағасында - Сарайшық көшесінде орналасқан көпір маңындағы Триатлон-паркте ашылады.
Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Бұл жағажай әдемі көрінісі бар шағын аралда ашылады, - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.
Сондай-ақ ол қала әкімінен жағажай салуды сұраған тұрғындар осындай ұсыныс білдіргенін айтты.
Елордалықтардың өтініші негізінде Алтай Көлгіновтің тапсырмасына сәйкес жұмыс жүргізіліп жатыр. Оны қала күніне орай ашу жоспарлануда, - деп түсіндірді Нұрлан Уранхаев.
Су бетіндегі жаңа кешен қалқымалы понтондарда жасалмақ. Біріктірілген модульдер арқылы бассейн орны түзеледі.
Сондай-ақ жағажайда күнге қыздырыну, демалыс және тамақтану орындары ашылады. Кешенге велосипедпен жетуге болады.
Урбанистика орталығының жетекшісі Елнар Базыкеннің айтуынша, саябақтардың бәрін веложолдармен біріктіріп, оларды инклюзивті ету жоспарланып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, бұл ауданда өткен жылы көпір астындағы қараусыз қалған аумақта арт-инсталляциялары, жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары, баскетбол және балалар алаңдары бар жаңа қоғамдық кеңістік құрылған болатын. Жаңа орын Триатлон паркі мен Президенттік саябақты біріктіреді.
Бұл жұмыстың бәрі «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарына сәйкес жүргізіледі.
Биыл барлығы 160 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарлануда.