Елордада жаңа саябақ ашылады
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне дайындық жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алдағы форумның ресми өкілі Назым Жанғазинованың айтуынша, Съезд қарсаңында елордада жаңа қоғамдық кеңістік ашылады, оның тұжырымдамасын әзірлеу бойынша конкурс бүгін жарияланды.
Съезді өткізу аясында Қазақстандағы түрлі конфессиялар мен этностар арасындағы бірлікті, ынтымақтастық пен достықты паш ететін табиғатты қалпына келтіру паркі жасалады. Саябақ ел астанасын абаттандыру мен көгалдандырудағы ауқымды үдерістің тағы бір шағын қадамы болады, - деп жазды Назым Жанғазинова өзінің Facebook парақшасында.
Съезд Хатшылығы мен елорда әкімдігі осыған байланысты барлық қалалардан келген сәулетшілерді, ландшафт дизайнерлерін және урбанистерді Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл өзенінің бойындағы жаңа қоғамдық кеңістікті абаттандыру тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі конкурсқа қатысуға шақырады.
Эскиздік ұсыныстарды centerofurbanism@gmail.com электрондық поштасына 2022 жылдың 20 тамызына дейін «конкурс» белгісімен жіберуге болады. Жеңімпазға жүлде қорынан сыйлық беріледі.
Сіздің жұмыстарыңызды әзірлеу мен ресімдеуге қойылатын талаптар және тұжырымдамалық міндеттер конкурстың техникалық тапсырмасында берілген, Сіз оларды осы сілтеме арқылы жүктей аласыз.
Конкурсқа қатысуға ықылас білдірген барлық азаматтарға алдын ала алғыс айтамыз!