Елордада жалған нөмір таққан жүргізушілер ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда полицейлер жалған нөмір таққан жүргізушілерді және заңсыз такси жүргізушілерін ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz. 

Полиция қызметкерлері патрульдеу барысында жалған нөмірмен жүрген екі жүргізушіні ұстады. Тәртіп сақшылары Қабанбай батыр даңғылының бойында әуежай жағынан айналма жолмен келе жатқан Toyota Mark 2 автокөлігін тоқтатты.Тексеру кезінде жүргізушінің көлікті қажет болған жағдайда мемлекеттік нөмірді жасыра алатын құрылғыны пайдаланып басқарғаны анықталды. Мемлекеттік тіркеу нөмірі белгілерін сәйкестендіруге кедергі келтіретін арнайы құрылғыларды пайдаланып, көлік құралын басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. 

Сот шешімімен жүргізушілерге 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады немесе бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған. Тәртіп бұзушылардың автокөліктері коммуналдық автотұраққа қойылды. Сонымен қатар жедел-алдын алу іс-шарасы барысында жолаушыларды заңсыз тасымалдаудың сегіз фактісі анықталды. Полиция қызметкерлері заңсыз тасымалдаумен айналысқан Өзбекстан және Тәжікстан азаматтарын ұстады, - делінген ақпаратта.

Жүргізушілер жолаушыларды “Yandex” мобильдік қосымшасы арқылы тиісті тіркеу құжаттарынсыз тасымалдаған. Шетелдіктерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 436-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, автокөліктер коммуналдық тұраққа орналастырылды. Елордада 19 шілдеден бастап жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру мақсатында “Қауіпсіз жол” жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Жедел-алдын алу іс-шарасы барысында мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды. “Қорғау” мобильдік қосымшасының көмегімен 146-ға жуық жүргізуші әкімшілік құқық бұзушылық бойынша берешектері бар екені туралы хабарланды. Нұр-Сұлтан қаласының коммуналдық тұрағына 33 автокөлік орналастырылды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы