Елордада жаһандық трендтерге арналған форум өтіп жатыр

Астанада алғаш рет The New York Times лицензиясы аясында жаһандық трендтерге арналған Qazaqstan NEXT 2026 форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жиында қоғам, экономика, технология және мәдениет және білім салаларындағы 2026 жылдың трендтері мен бетбұрысты кезеңдері талқыға түседі.

Бұл үлкен тарихи маңызды сәт. Бүгін біз трендтер туралы, қазіргі құбылмалы әлемде тұрақтылықты қалай көруге болатыны және тұрақты трендтерге қалай сүйеніп, соған қалай ілесуге болатыны туралы талқылаймыз. Бүгінгі алаңға: жаһандық әлемде біз Қазақстанда жергілікті деңгейде өз трендтерімізді қалай сақтай аламыз және жаһандық әлемге, жаһандық экономикаға қалай кірігіп, қалай біріге алатынымыз талқыға түседі. Бүгінгі алаң өте ерекше. Бұл – Қазақстанда алғаш рет New York Times лицензиясы бойынша дәл осы «Turning Points» журналының жарық көруі, - деп атап өтті форумның модераторлық тізгінін ұстаған Qazcontent АҚ басқарма төрағасы Айна Задабек.

The New York Times жарияланымдарының идеясынан өрбіген бұл форумды KAZMEDIA HOLDING компаниясы Американың Қазақстандағы сауда палатасымен (AmCham) стратегиялық серіктестік аясында ұйымдастырып отыр.

Форум аясында Қазақстанда алғаш рет The New York Times лицензиясы негізінде шығатын, жылына бір мәрте жарық көретін Turning Points Qazaqstan журналының ресми тұсаукесері өтеді. Қазақ және орыс тілдерінде дайындалған бұл басылымда Томас Фридман, Джонатан Хайдт, Николас Кристоф, Джек Торн секілді ой көшбасшыларының 2026 жылға арналған эксклюзивті эсселерімен қатар, қазақстандық сарапшылардың талдаулары, пайымдары мен болжамдары жарияланған.

Kazmedia Holding-тің негізгі миссиясы – білім, ағартушылық арқылы халқымыздың өмір сапасын жақсартуға, еліміздің бақытты болашағын қалыптастыруға өз үлесін қосу. Осы мақсатпен біз Нью-Йорк Таймс сияқты әлемдік басылым сарапшыларының эксклюзив талдаулары мен жергілікті мамандардың батыл болжамдарын бір алаңда ұсынып отырмыз. Turning Points Qazaqstan журналы отандық медиакеңістікке жаңа серпін әкелсе, Qazaqstan NEXT форумы елдің даму бағдарына қатысты тиімді ұсыныстар қалыптастыратын жаһандық платформаға айналады деп сенеміз, – деп атап Kazmedia Holding бас директоры әрі құрылтайшысы Еркін Жақыпов.

Qazaqstan NEXT 2026 форумында жаһандық үрдістер мен трендтердің елімізге ықпалы шетелдік және қазақстандық сарапшылардың қатысуымен кеңінен талқыланатын болады. Атап айтқанда, пікірталасқа Карлос Торрес (Rystad Energy), Франческо Ди Сальво (S&P Global Commodity Insights), Габриэла Аллми (Harvard Business Impact), Вакар Ахмад (Назарбаев Университеті) сияқты сарапшылар қатысады.

Форум күн тәртібінде энергетикалық қауіпсіздік пен инфрақұрылым мәселелері, цифрлық трансформация және бәсекеге қабілетті экономика құру, жасанды интеллектінің салаларды дамытудағы рөлі мен маңызы, сондай-ақ адам капиталы мен креативті индустрия тақырыптары негізгі бағыттардың бірі ретінде қарастырылған.

Айта кетерлігі, Qazcontent АҚ – форумның ресми медиасеріктесі болып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы