Елордада жаңа отбасылық аула клубы ашылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада көп балалы, аз қамтылған және толық емес отбасынан шыққан балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа "Замандас" отбасылық аула клубы ашылды. Клуб Өндіріс кентінде орналасқан №49 орта мектебінің базасында ашылды.
Қосымша білім беру және дамыту демалысымен халықтың әлеуметтік осал топтарынан 200-ден астам баланы қамту жоспарлануда.
Биылғы жылы елордада халықтың әлеуметтік осал топтарының балаларына арналған аула клубтарының саны көбейгені қуантады. Мұнда олар тегін білім алып, әртүрлі үйірмелерге қатыса алады, бос уақытын тиімді өткізе отырып, өзіне жаңа бағытын аша алады. Барлығы 5 клуб ашылды, онда 2 200-ден астам бала бар, - деп атап өтті әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Дияс Әзбергенов.
Балалар мен жасөспірімдерге арналған "Замандас" клубтарында тегін 20 үйірме бар. Олар арт-терапия, хореография, шахмат, сәндік-қолданбалы өнер, авиамодельдеу, театр үйірмесі, каратэ, домбыра, ушу-кунгфу, вокал, сөйлеу дамыту, тоғызқұмалақ, робототехника, ағылшын және қазақ тілі курстары.
Биылғы жылы екі жаңа аула клубы ашылды, біреуі осында, Өндіріс кентінде, ал екіншісі Силикатный кентінде. Мұнда, негізі, даму орталықтары өте аз. Әсіресе, өз қызметтерін тегін ұсынатын. Бұл тұрғыда әлеуметтік жағынан осал отбасылар үшін қиын. "Замандас" отбасылық аула клубында балалар футбол, хореография, шахмат, вокал, қоян-қолтық күрес сияқты үйірмелерде жаттығулармен айналыса алады, - деді "Замандас 21" ҚҚ директоры Ләззат Алшынова.
Сондай-ақ, жаңа клубта медиация кабинеті ұйымдастырылған, онда "Замандас" клубының мамандары әзірлеген "Бақытты отбасы" клубы аясында психологтың ата-аналармен және балалармен жұмысы жүргізілетін болады.
Жыл сайын "Бақытты отбасы" клубы ата-аналарға көмек көрсетеді, олар үшін отбасындағы қолайлы жағдай жасауға, ересектер мен балалар арасындағы өзара түсіністікке бағытталған тренингтер мен кеңестер ұйымдастырады. Барлық қызметтер тегін көрсетіледі. Клубтарға арналған үй-жайларды астана әкімдігі сенімгерлікпен басқаруға берді.