Елордада зергерлік экспорттық бюро ашылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен есеп беру кездесуінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтты.
Оның айтуынша, зергерлік бұйымдар нарығын реттеу үшін Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен Нұр-Сұлтан қаласында зергерлік экспорттық орталық ашу жөніндегі Концепцияға қол қойылды.
Бұл отандық зергерлердің дамуы мен өнімдердің экспортқа шығуы үшін жасалған маңызды қадам,-деді министр Атамқұлов.
Өзінің есеп беру кездесуінде ол іске асырылып жатқан индустриялық саясаттың арқасында өңдеу өнеркәсібінің берік тұғырын қалыптасқанын атап өтіп, қара және түсті металлургия саласының жай-күйіне тоқталды.
Түсті металлургия саласында өсім үш пайызды құрады. Бұл жерде біздің кәсіпорындардың мырыш пен мысты сыртқы нарыққа шығару мөлшерінің артқаны үлкен серпін берді. Сонымен қатар жоғары өңдеуден өткен өнімдердің өндірісін ынталандыру үшін Сауда және интеграция министрлігімен алюминий балқыламаларына экспорттық бажды төмендету жөнінде шешімге келдік, - деді ол.
Оның айтуынша, алтынның көлеңкелі айналымымен күресу үшін Мәжіліс депутаттарымен бірлесіп Қылмыстық кодекске бұл әрекет үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде өзгеріс енгізілді.
Қара металлургия саласындағы өндіріс көлемі 2,7 пайызға артты. Өсімге кәсіпорындардың өнім көлемін арттыруы мен жаңа жобалардың қолданысқа енгізілуі әсер етті. Қарағанды облысында ТОО «Qaz Qarbon» байыту фабрикасы іске қосылды. Оның жобалық қуаты жылына 2,5 млн тонна көмір концентратын өңдеуге қауқарлы. Өндіріске сонымен қатар цифрлық технологиялар енгізілді, - деді министр.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Қазақстан мен Ресей агроөнім саудасын жеңілдетеді
Өзгелердің жаңалығы