Елордада «Zakovat» интеллектуалды ойындарының Asia Cup турнирі өтті
«Zakovat» интеллектуалды ойындарының Asia Cup турнирінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Өзбекстан Республикасы Президентінің көмекшісі Саида Мирзиёевамен бірге Zakovat зияткерлік клубы ұйымдастырған іс-шараға қатысып,сөз сөйледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Іс-шараның ашылуында Ерлан Қарин Zakovat жобасы екі ел арасын жалғаған тағы бір алтын көпірге айналғанын және екіжақты мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға оң ықпал ететінін атап өтті.
Сондай-ақ ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда прогрессивті құндылықтар мен ұстындарды, білім культін, кәсіби шеберлікті құрметтеу дағдысын орнықтыру қажеттігі туралы ұдайы айтып келе жатқанына назар аударды. Соңғы жылдары Қазақстанда педагогтердің, дәрігерлердің, мәдениет және өнер қайраткерлерінің мәртебесін көтеруге, креативті индустрияны қолдауға қатысты нақты шаралар қабылданғанын, жас ғалымдардың зерттеулері мен тағылымдамадан өтуіне арналған грант саны артқанын, Президенттік жастар кадрлық резерві құрылғанын айтты. Аталған құндылықтар мен бастамалар Zakovat клубының идеологиясымен үндеседі.
Бұдан бөлек, Мемлекеттік кеңесші Қазақстан мен Өзбекстанның ауқымды өзгерістер жолында сеніммен қадам басып келе жатқанын жеткізді.
Ерлан Қарин сөзін қорытындылай келе, екі мемлекет арасындағы көпжақты ынтымақтастық бауырлас халықтардың игілігі үшін алдағы уақытта да нығая түсетініне сенім білдірді.