Елордада веломаусымның ашылуы велошеру арқылы атап өтіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада велошеру 28 мамырда өтеді. Жаңа веломаусымның ашылуына орай өтетін іс-шараға тілек білдірушілердің бәрі шақырылады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Велошеруге қатысушылар екі қашықтықты жүріп өту қажет:

Кіші қашықтық – 3 км, қатысушылар Үркер (Ильинка) елді мекенінің «Жасыл белдеу» саябағында мәреге жетеді.

Үлкен қашықтық – 20 км, қатысушылар айналма веложолдан (Қосшы жағына қарай жол бойында) бастап, Үркер (Ильинка) елді мекенінің «Жасыл белдеу» саябағында мәреге жетеді.

Қатысуға ниет білдірушілерді тіркеу 28 мамыр күні сағат 09:00-ден 09:30-ға дейін жалғасады. Ал басталуы сағат – 10:00-де.

Велошеру аяқталғаннан кейін мәреде тіркелген қатысушылар арасында лотерея және бағалы сыйлықтар ойнатылады. Әрбір қатысушы өз велосипедімен шеруге жіберіледі.

Іс-шара спорттық жарыс емес, оның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және қала тұрғындарын дене шынықтырумен, яғни велоспортпен белсенді шұғылдануға қызықтыру.

Веломаусымның ашылуына және Балалар жылына орай ұйымдастырылған іс-шара Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы