Елордада веб-графикалық романдар сериясының тұсаукесері өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры және Мемлекеттік тілді дамыту Қоры «Назарбаев орталығында» «Тәтті алма» балалар әдебиеті жинағы мен веб-графикалық романдардан тұратын «Ұлы дала аңыздары» атты онлайн-жобасының тұсаукесерін өткізді.

Балалар жинағы өскелең ұрпақты қазақ әдеби тілін үйренуге, рухани құндылықтарды қастерлеуге баулу, олардың шығармашылық және интеллектуалды қабілеттерін арттыру мақсатында шығарылды.

«Тәтті алма» жинағының 1-2 томы 2015 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Мемлекеттік тілді дамыту Қорына ана тілімізді дамыту бағытындағы жобаларға бөлінген қаржысына жарық көрген еді. Аталған жинақтың  3-4 томдарын шығаруға Тұңғыш Президент Қоры қолдау көрсетті.

Соңғы жинақтарға жақсылық пен әсемдік, табиғатқа деген қамқоршылық туралы ертегілер мен театрлық қойылымдар енген. Жинаққа енген шығармаларды «Tattialma.kz» сайтынан және «Tattialma» мобильді қосымшасынан оқуға болады. 

«Ұлы дала аңыздары» (Легенды великой степи) онлайн жобасы аясында веб-графикалық романдар сериясын әзірленіп, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі «Qazcomics.kz» веб-сайты мен мобильді қосымшасы пайда болды.

«Ұлы дала аңыздары» жобасы ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жеткен қазақ халқының тарихы мен аңыздары туралы сыр шертетін «Ұлы махаббат туралы жеті хикая» және «Қазақ жерінің ұлы батырлары» деп аталатын екі бөлімнен тұрады. Аңыздар мазмұны Қазақстанның киелі орындарының тарихымен астасып жатыр, әңгімелер арқауы көпшілікке киелі жерлер туралы толығырақ мәлімет алуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда осы сериядан «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» және «Жұмбақтас» туындылары жарық көрді.

«Осындай шығармалар балаларға көп пайдасын тигізеді деп сенемін. Олар әлем, біздің еліміз, оның бай мәдениеті, тарихы мен халқымыздың құндылықтары туралы көбірек білетін болады. Оқу – ойлау мен есте сақтау қабілеттерін дамытады. Ол адамға шығармашыл және креативті болуға көмектеседі. Ал бұл қасиеттер заманға сай, бәсекеге қабілетті Қазақстан Республикасының жас азаматын қалыптастыру үшін өте маңызды», - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы