Елордада үш бірдей ұрлыққа қатысы бар күдікті қолға түсті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері ұрлықтың үш эпизодына қатысты күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға қала тұрғыны хабарласып, Күлтөбе көшесіндегі жатақханадан белгісіз біреу оның жеке заттары мен ақша қаражаты бар рюкзагын ұрлап кеткенін айтқан. «Байқоңыр» ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу және қылмыс жасалған жерде орнатылған бейнебақылау камераларын қарау барысында күдіктіні ұстады. Ол бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған 31 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Сондай-ақ полиция қызметкерлері ұсталған адамның тағы екі ұрлық фактісіне қатысы барын анықтады. Түнгі уақытта қаскүнем Уәлиханов көшесіндегі қонақүйде бола тұрып, құны 225 000 теңге тұратын Samsung ұялы телефонын ұрлап кеткен. Одан бөлек күдіктінің елорда тұрғынына тиесілі Орро А5 ұялы телефонын ұрлап кеткені анықталды. Ұрлық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ұсталған ер адам кінәсін мойындады.