Елордада үш аптада 1 980 медицина қызметкеріне екпе салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.Нұр-Сұлтан қаласының алғашқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Әлия Өмірзақова елорда әкімдігінде өткен онлайн-брифингте вакциналау процесінің үш аптасын қорытындылады. 

Вакцинация басталғанына үш апта болды. Вакциналау емханаларда, инфекциялық стационарлардың, жедел медициналық жәрдем, алғашқы медициналық санитарлық көмек ұйымдарының, көпбейінді стационарлардың қабылдау бөлімдерінің медицина қызметкерлеріне өткізілуде. Тиісті контингент ішінде 6 300 адамның 1 980-і вакцина алды. Олардың арасында асқыну анықталған жоқ. Қазіргі уақытта вакцинация ресейлік «Гам-Ковид-Вак» вакцинасымен жүріп жатыр. Препарат екі компонентті, үш апта аралықпен екі рет егіледі,- деді Әлия Өмірзақова.

Оның айтуынша, екінші компонентпен вакциналау 22 ақпанда басталады. Вакцинация толық курстан кейін бір жарым ай ішінде ағзаның иммундық реакциясын тудырады. 

Сондықтан вакцина алған адамдарға алдын алу шараларын сақтауды жалғастыру қажет.Вакцинаның келесі жеткізілімі ақпан айының соңында күтілуде. Вакцинаның жаңа партиясы келіп түскен уақытта медицина қызметкерлерін егуді жалғастырамыз. Сондай-ақ педагогтарды, күш құрылымдары қызметкерлерін, созылмалы ауруы барларды және басқаларды кезең-кезеңімен егуді бастаймыз. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына вакцинация жүргізу үшін егу кабинеттері, күту залдары әзірленді. Вакцина алған адамдар 30 минут бойы дәрігер бақылауында болуы тиіс, -дейді Нұр-Сұлтан қалалық алғашқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы. 

Оның айтуынша, вакциналарды тасымалдауға арналған 20 мұздатқыш және 82 термоконтейнер бар. Қосымша 22 мұздатқыш қондырғы сатып алынды. Бұл қажеттілікті толығымен жабады. Барлық тиісті тұлғалар коронавирусқа қарсы вакцинаны тіркелген емханаларда тегін ала алады.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы