Елордада ұлттық құндылығымызды дәріптейтін форум өтті

"Respublica" партиясының жанындағы "Әйелдер қанаты" тікелей ұйымдастыруымен "Ұлттық код- ұрпаққа аманат" атты этнофорум болып өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Форум қалай өтті?

Ұлттық мұражайдың фойесіне жиылған жұрт алдымен “Ақ бата”ұйымының әжелері ұсынған шағын қойылымды көріп, кимешекті әрлеп, оны сәндеу жұмыстарына белсене қатысты. Одан соң құндылықтарымызды дәріптейтін, креативті индустрияның өзекті мәселелерін талқылау үшін келесі бөлімге өтті.

Форумды ұйымдастырушы партияға қарасты “Әйелдер қанаты” филиалы басшысының орынбасары Тоғжан Балисан мұндай шаралар қолөнершілерді қолдау мақсатында жасалынатынын айтады.

Елімізде қаншама қолөнер шеберлері үйде отырып, өз туындыларын жарыққа шығара алмай, сата алмай отыр. Біздің мақсатымыз сол шеберлерімізге қолдау көрсетіп, барлық қазақи дүниелерді бір жерден сатып алуға мүмкіндік беретін платформа жасауды көздеп отырмыз,- дейді ол.

Және бүгінгі форумға мемлекет мінберінде ұлттық құндылықты насихаттап жүрген азаматтарды шақырылғанын айтты.

 

Форумда қандай мәселелер көтерілді?

Форум аясында Нұргүл Тау отбасында ана қызының көзінше қазақы қиініп, құндылығымызды дәріптеп отырса, ұлттық құндылығымыз жоғалмайтынын айтады. Себебі бұрын ата-бабамыз кимешегін күнделікті тұрмыста киіп жүргенін алға тартты.

Ал мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова экотуризмді дамыту неге трендке айналып жатқаны туралы сөз қозғады.

Туризмнің қазіргі таңда әлеуеті жоғары. Ал оның ішінде экотуризм болашаққа алып баратын бағыт деп ойлаймын. Қазір әлем инфошумнан шаршаған. Қазір туристер көремін деп емес, процеске қатысамын деп келетінін айтады. Сондықтан біз атқа міну, қолөнер шеберлерінің жұмысымен таныстыру, ауылдағы тіршілік деген секілді дүниелерді дамыту керекпіз,- дейді ол.

Сондай-ақ форумда өткеннен жеткен өнерді дәріптеп, болашақ ұрпаққа қалай аманаттай аламыз деген секілді сұрақтарға жауап берілді. Форумға қатысушылар бұл шараның маңызы жоғары екенін айтып, тарқасты.

 

Көрмеде қазақ қолөнерлері таныстырылды

Бүгінгі форумға Жырғау Сентерхан өз ата-анасынан ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан көне киіз үйді алып келген. Онда анасының жасауына келген бұйымдар, әжесінің бұйымдары бар. Ол қазақтың қолөнері кенжелеп қалуының себебі - академиялық деңгейде оқылмай қалуы дейді.

Бұрын әжеден немере, енеден келін көріп қолөнеріміз ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын. Бірақ қазір оны дәріптейтін аналар аз. Мен оны сол тұрмыстық деңгейден көтеруді мақсат еттім,- дейді ол.

Ал әдемі сөмкелерді жарты сағатта жасайтын Гүльмира Ахметжанова бұл кәсіппен айналысқанына 6 жыл болғанын айтады.

Бала кезден апамның, анамның кесте тіккенін көріп өстім. Өзімде мамандық көп, бірақ осы сала жүрегіме жақын. Сұраныс та көп,- дейді шебер.

Ал қазақтың оюларын заманға сай етіп таза жібек пен қой жүнінен жасалған кеудешелер тігетін Гүлбаршын Зайтжанқызы оның емдік қасиеті барын айтты.

Жібек матаны талдырма етіп жасап, үстіне қой жүнінен ою саламыз. Бұл кеудешелер жұқа болғанымен жылы болады. Сондай-ақ қан қысымы бар адамдарда қан айналымын бірқалыпты ететін қасиеті бар. Өзім жүннен түрлі бұйым жасап жатқаныма 20 жылдай болды,- дейді ол.

Оның сөзінше бұл өнер оған нағашыларынан дарыған.

Нағашыларым суретшілер болған. 3-сыныбымнан бастап, қуыршақтарға көйлек тігіп бастадым. Мұндай табиғи өнімдерге сұраныс көп. Көбінесе сырттан келген туристер көбірек қызығушылық білдіріп жатады. Бүгінгі күні біршама шәкірттерім бар. Өзімнің командам бар,- дейді шебер.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы