Елордада ұлттық үстел ойындарының фестивалі өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтандағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттық үстел ойындарының фестивалін өткізді, деп хабарлады ҚХА баспасөз қызметі.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Ассамблеяның және ҚХА қоғамдық құрылымдарының мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен жастар қозғалысының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен қала қонақтары қатысты.
"Фестивальдің негізгі идеясы – Қазақстан халқының мәдени құндылықтары мен тіл алуандығын көрсету, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, этнос өкілдері арасында тығыз байланыс пен достық қарым-қатынас орнатып, әртүрлі ұлттың ойындарын үйренуге, мәдени мұраларымен танысуға мүмкіншілік жасау. Сондай-ақ үстел ойындарының шығу тарихы мен пайдасы туралы әңгімелеу, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға ұйытқы болу", - делінген таратылған ақпаратта.
Фестиваль барысында үстел ойындары шеберлерімен кездесу ұйымдастырылып, шеберлік сыныптары өткізілді. ҚХА этномәдени бірлестіктері шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасымен жалғасты. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталып, алғысхаттар тапсырылды.