Елордада үлкен көлемдегі 16 мектеп салынбақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада мектеп санын арттыруды жалғастырамыз. Құрылыс жұмыстарына жеке қаражатты да тартамыз, деп жазды Алтай Көлгінов Instagram-дағы парақшасында.


Бірқатар мектептің құрылыс барысымен таныстым. Олар Ұлы Дала даңғылы мен Тұран даңғылының қиылысында, сондай-ақ Е103 көшесі мен Тұран даңғылының қиылысында орналасқан. Alpamys school мен Tamos Space school екі ауысымда 4 мың оқушы орнын құруға мүмкіндік береді, - деп жазды әкім.


Оның сөзінше, оқу орындарының құрылысы елорданың барлық ауданында, соның ішінде елді мекендерде жүргізіліп жатыр. 

Биыл өткен жылдармен салыстырғанда көбірек мектеп саламыз. Үлкен көлемдегі 16 мектеп салынбақ. Олар биыл 40 мыңнан астам оқушы қабылдауға мүмкіндік береді. Өткен жылмен салыстырғанда оқушы орындарының саны 2 есе артық болса, 2019 жылмен салыстырғанда 4 еседен астам ұлғаяды, - деп атап өтті Көлгінов.

Әкімнің айтуынша, кешенді жоспар аясында 5 жылдық кезеңге 50-ге жуық мемлекеттік мектеп салу жоспарланған. Сонымен қатар инвестициялық кеңестерде 30-дан астам жекеменшік мектептің құрылысы қолдау тапты.

Бұл шаралар үш ауысымда оқытатын, шамадан тыс жүктеме артылған мектептердің санын азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша оқушылар мен мұғалімдерге қолайлы жағдай жасалмақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы