Елордада ТЖМ құтқарушыларына арналған фотокөрме өтеді
Ертең Астана қаласындағы «Атырау» көпірінде Төтенше жағдайлар министрлігінің қатардағы қызметкерлеріне арналған фотокөрменің ашылу рәсімі өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Көрме «RIZAMYZ» әлеуметтік жобасы аясында жыл сайын атап өтілетін кәсіби мереке 19 қазан - Құтқарушылар күні қарсаңында ұйымдастырылуда.
Жалпы көрмеге келушілерге QR коды бар 112 портрет ұсынылатын болады. Құтқарушылар дүлей зілзалалар, апаттар және басқа төтенше жағдайлар кезінде адамдарға тәулік бойы көмекке келеді. QR кодты сканерлеу арқылы құтқарушылар туралы, олардың жасаған ерліктері жайлы мәліметпен танысуға болады. Бұл портреттер - күн сайын өздерінің күрделі, бірақ осындай маңызды қызметін атқаратын азаматтық қорғау органдарының барлық 29 мың қызметкерінің ұжымдық бейнесі, - делінген ақпаратта.
Көрменің ортасында фотосуреттер арасында QR код орналастырылады. Бұл жерде өз өмірін азаматтық қорғау органдарында арнап, өз міндеттерін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан 11 құтқарушының өмір тарихымен танысуға болады.
Көрме 20 қазанға дейін жалғасатын болады.