Елордада цирк өнері фестивалі өтеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында 4-8 шілде күндері елорда күні мерекесі аясында «Азия жаңғырығы» XII халықаралық цирк өнері фестивалі өтеді, деп хабарланды елорда әкімдігінің сайтында.
Жыл сайын шет мемлекеттерден келген цирк ұжымдары елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына әлемдік үздік қойылымдарын ұсынады. Оларды күн сайын Астаналық циркте тамашалауға болады. Биыл «Азия жаңғырығы» цирк өнері фестиваліне Ұлыбритания, Вьетнам, Мысыр, Израиль, Испания, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Украина және Қазақстаннан 60-қа жуық артист қатысады.«Фестиваль аясында ресейлік әртістер «На слонах вокруг света» аттракционын көрсетпек. Нөмірдің жетекшісі Андрей Дементьев-Корнилов. Би билеген пілдердің ерекше қойылымы Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген. Күрделі әрі теңдессіз трюктер, аң үйретушілердің шеберлігі, әдемі декорациялар мен арнайы эффектілер, жарқын костюмдер – осының барлығы «Азия жаңғырығы» фестивалінің көрермендеріне ұмытылмас әсер қалдырады», - делінген таратылған ақпаратта.
Биылғы цирк өнері фестивалінің тағы да бір ерекшелігі – оған ұлы актер Чарли Чаплиннің баласы қатысады. Қазылар мүшелерінің бірі Халықаралық киноакадемия фестивалінің президенті, цирк фестивальдерінің креативті директоры, белгілі дыбыс режиссері және продюсер Юджин Чаплин.
Айта кетейік, қойылымдар билеттерінің бір бөлігі қайырымдылық мақсатта таратылады. Арыс қаласының балалары 4-8 шілде күндері Астаналық циркте өтетін барлық қойылымға шақыру алады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
«Ұлы Дала кемеңгері – Елбасы және Түркістан» көрмесі ашылды
Өзгелердің жаңалығы