Елордада тоғызқұмалақ чемпиондары жасанды интеллектпен сайысты
Елордада жасанды интеллект пен тоғызқұмалақ чемпиондары арасындағы сайыста жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазақстанда алғаш рет тоғызқұмалақтан ел чемпиондары мен жасанды интеллект арасында тарихи ойын өтті. Бұл адамзат ақылы мен цифрлық алгоритмді тоғыстырған зияткерлік бәсеке болды. "Тоғызқұмалақ чемпиондары vs ЖИ" атты ерекше іс-шара 2025 жылдың 7 тамызында Астана қаласындағы Денешынықтыру және бұқаралық спорт академиясы (APEMS) алаңында ұйымдастырылды. Тоғызқұмалақтың Әлем чемпиондары Асылхан Қожанәсіп (ХДСШ) пен Аяна ИСАХАН (ХДСШ) жасанды интеллектке қарсы тоғызқұмалақтың классика түрінен сайысқа түсті. Олардың әрқайсысы бір ойыннан жеке кездесіп, нәтижесінде 2:0 есебімен жасанды интеллектке есе жіберді.
Бұл ерекше шараны біз ұлы Абайдың 180 жылдығына арнап отырмыз. Мұның да өз заңдылығы бар. Себебі Абай өзі ғана ойнап қана қоймай, айналасына тоғызқұмалақшыларды жинап, мектеп қалыптастарған. Тоғызқұмалақ Кеңес идеологиясының қысымымен жоғала жаздаған тұста оның жандануының басы-қасында Мұхтар Әуезов болды. Бұл да бір сабақтастық. Ғасырлар бойы тоғызқұмалақ үздіктерді анықтау ғана емес, жастарды тәрбиелеу құралы болып келеді, - деді ашылу салтанатында сөйлеген Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов.
Тоғызқұмалақ шеберлерінің қарсыласы – күрделі алгоритмдермен жұмыс істейтін интеллектуалды компьютерлік бағдарлама. Бұл адам мен жасанды интеллект арасындағы ойын форматына құрылған заманауи IT шешімдердің көрінісі. Бұл — тек ойын емес. Бұл — ұлттық дәстүр мен технологияны тоғыстырған тарихи сәт. Айта кету керек, зияткерлік спортты жаңа деңгейге көтеруді мақсат еткен бұл жобаның техникалық негізін қалаған — жас әрі дарынды бэкенд әзірлеуші Нурске Абылай.
Тоғызқұмалақ чемпиондары мен жасанды интеллект арасындағы тарихи жекпе-жек тіркелді. Цифрлық дәуірдегі тоғызқұмалақ пен ақылды машинаның арасындағы ойындар кеңінен насихатталып, алдағы уақытта бұл сала дами береді.