Елордада ТМД-ға қатысушы елдер мен Моңғолия еңбек инспекцияларының конференциясы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. KIOSH-2022 Еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі X Қазақстандық халықаралық конференциясы шеңберінде ТМД қатысушы елдерінің және Монғолия Еңбек инспекцияларының өңірлік альянсының конференциясы өтті, деп хабарлайды ЕӘҚМ баспасөз қызметі.
Конференция барысында инспекциялық органдардағы өзгерістер және 2021 жылғы қадағалау қызметінің нәтижелері, Халықаралық еңбек инспекциялары қауымдастығының қызметі, сондай-ақ Қазақстанның «Халықтық бақылау» жобасы аясында кәсіпорындарда еңбекті қорғауды жүзеге асыруға мүгедектігі бар адамдарды тартудағы тәжірибесі талқыланды.
Іс-шара Ресей Федерациясының Еңбек және жұмыспен қамту Федералды қызметі басшысының орынбасары, Халықаралық еңбек инспекциясы қауымдастығының Вице-президенті Иван Шкловецтің төрағалығымен және ТМД елдері мен Моңғолия өкілдерінің қатысуымен өтті.
Конференцияда сөз сөйлеген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов еңбекті қорғау саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтты.
Ол заңнамаға енгізілген өзгерістер туралы хабарлады, оның аясында қызметкерлердің қашықтан жұмыс істеу мәселелері реттелді, жұмыс уақытының ұзақтығынан заңсыз асатын қызмет көрсетуге шарттар арқылы қызметкерлерді тартатын жұмыс берушілер үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдама әзірленді, ол биыл әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның отырысында мақұлданды. Онда тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесін жаңғырту, кәсіби тәуекелдерді төмендету жөніндегі шараларды экономикалық ынталандыру, сондай – ақ еңбекті қорғау саласындағы кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеуетті дамыту көзделген, – деді Ақмәди Сарбасов.
Сонымен қатар ол ҚР Үкіметі, кәсіподақтар мен жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған бас келісімге қол қойылғаны туралы хабардар етті, оның шеңберінде жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, кәсіптік стандарттар, еңбек жағдайлары мен оған ақы төлеуді жетілдіру, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі және т. б. салалардағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалды.
Өз кезегінде ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов «Халықтық бақылау» жобасы аясында кәсіпорындарда мүгедектігі бар адамдарды еңбекті қорғауды жүзеге асыруға тарту бойынша Қазақстанның тәжірибесі туралы айтты.
Оның айтуынша, республикада еңбекке қабілетті жастағы 419 мың мүгедектігі бар адам тұрады, олардың 104 мыңы немесе 24,8% - ы жұмыс істейді. Бұл ретте, «Халықты жұмыспен қамту туралы» заңға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есептемегенде, жұмыс істейтіндердің жалпы санының 2-ден 4% - ға дейінгі мөлшерінде мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квота белгілейді.
Соңғы бес жылда квота аясында 24 мың мүгедектігі бар адам жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ, Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 4,9 мың мүгедектігі бар адам жұмысқа орналастырылды.
Бұдан басқа, ЕХӘҚМ ҚР Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, Мемлекет басшысының «Халықтық бақылау» жобасын енгізу жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде еліміздің кәсіпорындарында мүгедектігі бар адамдарды «Халықтық бақылаушылар» ретінде тарту бойынша жұмыс берушілермен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Өндірісте немесе өзге жазатайым оқиға нәтижесінде мүгедектік алған адам денсаулық үшін тәуекелдерді жақсы біледі және оларды елемеуге шыдамайды, басшыларды қатаң бақылайды және жұмыс орнын еңбек қауіпсіздігі тұрғысынан сыни бағалайды, сондай-ақ кәсіпорынға іргелес аумақтағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды мұқият бақылайды, – деп атап өтті Төлеген Оспанқұлов.
«Халықтық бақылау» жобасы – бұл ерекше қажеттіліктері бар адамдарды толыққанды жұмысқа орналастыру мүмкіндігі. Жобаға қатысу үшін кадрларды іріктеу кезінде мүгедектіктің белгіленуіне байланысты кәсіпорында жұмыстан кеткен қызметкерлерге артықшылық беріледі.
Бас мемлекеттік еңбек инспекторының айтуынша, осы жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жоба 216 мың қызметкерді қамтитын 164 кәсіпорында жүзеге асырылды. Еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды сақтауға арналған бейнебақылауда жұмыс істеу үшін 521 мүгедектігі бар адам тартылды.
Конференция барысында сондай-ақ еңбек инспекцияларының өңірлік альянсының атауын өзгерту және еңбек инспекцияларының өңірлік альянсының нышандарын жасау, одаққа кіретін елдердің мемлекеттік еңбек инспекцияларының үздік еңбек инспекторларын көтермелеу тетігін әзірлеу және басқа да бірқатар ішкі мәселелер талқыланды.