Елордада тіл форумы өтеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада алғаш рет 24 қазанда "Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі" атты тіл форумы өтеді. Бұл туралы мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов айтты.
"ҚР мәдениет және спорт министрлігі 24 қазанда "Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігі" атты тіл форумын ұйымдастырады. Басты мақсатымыз - қазақ тілінің болашағы мен келешегі. Президент өз жолдауында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде рөлін күшейтіп, ұлтаралық тілге айналдыруды тапсырған болатын. Сондықтан осы бағыт бойынша министрлік тарапынан көптеген жұмыстар істеліп жатыр. Форумға 500-ге тарта адамды шақырып отырмыз", - дейді вице-министр.
Оның айтуынша, жиын барысында жаңа әліппиге көшуге байланысты атқарылған жұмыстарды талқылау және алдағы атқаратын істерді айқындау міндеті қойылған.
"Тіл мамандары қазақ тілінің бүгіні мен ертеңіне қатысты алты алаңда бас қосады. Осы басқосуларда білім мен ғылым, бизнес, заң, БАҚ тілі туралы кеңесіп, өңірлердегі тілдік ахуал төңірегінде де пікір алмасады. Латын графикасына көшуді көпшілікке насихаттау бағыты бойынша "Тіл-Қазына" ұлттық орталығының атқарып жатқан жұмыстары көрсетіледі. Бүгінде "Тіл-Қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығы қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы бірнеше бағытта жұмыстар жүргізіп келеді. Ең алдымен әліпби және оның емле ережелеріне байланысты сауалнама, сынама жұмыстарын жүргізу қолға алынған еді. Мемлекеттік қызметшілерді, түрлі сала мамандарын, қоғамның әртүрлі әлеуметтік топтарын қамти отырып жүргізілген бұл жұмысқа жұртшылықтың бей-жай қарамауы жаңа реформаның маңыздылығын ел тұрғындарының терең түсінгендігін байқатады", - дейді Нұрғиса Дәуешов.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Алматыда ауа ластану көрсеткіші артқан
Келесі жаңалық
Ақтөбеде 500 адам баспана құқығынан айырылған
Өзгелердің жаңалығы