Елордада ТИКА өкілдігі мұқтаж отбасыларға азық-түлік таратты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің Нұр-Сұлтандағы өкілдігінде қайырымдылық шарасы өтті.
Қайырымдылық шарасын аясында әлеуметтік осал топқа, яғни көпбалалы отбасыларға, асыраушысынан айырылған отбасыларға Рамазан айының қорабы таратылды.
Қорапта шамамен бір айға жететін азық-түліктер (су май, ұн, күріш, тәттілер, қант, тұз, макарон және тағы басқа) жинақталған. Бір қораптың сомасы 35 АҚШ долларын құрайды.
Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (ТИКА) Қазақстандағы өкілі Исмаил Гүрлек қайырымдылық шарасының мән-мағынасын түсіндіріп берді.
Біздің Ана Отанымыз, Түркістаннан шыққан Қожа Ахмет Яссауи жаққан алау қалай бүкіл Анадолы жеріне жарық берген. Оның ойларынан және ілімдерінен әсерленген сопыларымыздың арқасында бүкіл Анадолы ғылым мен білімге сусындады. Осы ретте бүгін Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі басшылығы (ТИКА) «Эренлер софрасы» (Ұлылар дастарханы) деген атаумен Қазақстандық бауырларымызға 1200 қорап азық-түлік қорапшасын таратып отыр, - дейді ол.
Атап айтқанда, нұр-сұлтандықтар үшін 350, қасиетті Түркістандағы Халықаралық түрік-қазақ университетінің жатақханаларындағы студенттер мен Түркі әлемінің 700 студентіне және Шымкент аумағындағы тұрғындарға азық-түлік қорапшалары сыйға тартылады.
Адамдарға қызмет ету қасиетті борыш. Сол себепті қазақстандық отбасылармен және Түркі әлемінен келген білім алушы бауырларымызға шын жүректен жайылған дастарханымызбен, яғни «Эренлер софрасымен» бөлісу үшін жолға шығып отырмыз, - дейді Исмаил Гүрлек мырза.
Түрік ынтымақтастық және Үйлестіру агенттігі (TИКА) жыл сайын осындай іс-шараларды өткізуді жалғастырып келеді.
Қайырымдылық және қамқорлыққа толы бұл айда ТИКА және Түркия Республикасы атынан 87 елдегі жүздеген мың адамға көмек көрсетіледі.
Түркия Президенті тарапынан жасалған ереже-жоспарларға сәйкес 2021 жыл «Юнус Эмре және түрік тілі жылы» және «Қажы Бекташ Вели жылы» деп жарияланды, - деп атап өтті ТИКА өкілі журналистерге берген сұхбатында.
Сондай-ақ ЮНЕСКО Юнус Эмренің өмірден озғанына 700 жыл толуы, Қажы Бекташ Велидің 750 жылдығы, Ахи Эвранның туғанына 850 жыл секілді мерейтойлық шараларды 2021 жылғы естелік және мерекелік мерейтойлар бағдарламасына енгізген.
ТИКА көмекке мұқтаж отбасылардың, азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктерден алған.
ТИКА-ның қызметкерлері 1 200 қорапты өз қолдарымен жинады. Қорапқа салынған азық-түліктер Қазақстанның өзінен сатып алынған. Қызметкерлер әр отбасының үйлеріне азық-түлік қораптарын өздері жеткізіп береді.
Сөз соңында Исмаил Гүрлек елде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өтіп жатқан «Қайырымды істер» марафонына қатысты пікірін білдірді.
Қайырымдылық марафонын ұйымдастыру өте жақсы бастама. Осыны негізге ала отырып, биыл біз де жетім балаларға, көпбалалы отбасыларға бағытталған жобаларды жүзеге асырамыз. Дегенмен бұл шараларды алдын ала жоспарламаймыз. Ұсыныстар түссе, оны жүзеге асырамыз, - деп айтты ТИКА өкілі.
Өз кезегінде пандемияға байланысты қайырымдылық шарасына бірнеше отбасы ғана шақырылды. Ал қалған мұқтаж жандарға азық-түлік қораптарын ТИКА өкілдігі жеткізеді.