Елордада тауарлары нарықтық бағадан 15% төмен сатылатын дүкендер желісі кеңейтілуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен өткен әкімдіктегі кезекті  отырыста қала тіршілігінің маңызды мәселелері талқыланды. Жиында көтерілген мәселелердің ең негізгісі азық-түлік бағасын тұрақтандыру тақырыбына арналды. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі жазды.

«Мен сіздерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне енбеген азық-түлік бағаларының экономикалық талдауын зерделеуді және оларды төмендету жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырдым. Осы мәселе бойынша жұмысты бастадыңыздар ма?», - деп сұрады қала әкімі өзінің орынбасары Малика Бектұровадан.

Қалалық билік өкілдері бұл мәселені базарлар және жеткізушілер арқылы алдын ала пысықтап жатқаны жайлы, сондай-ақ алдағы уақытта тұрақтандыру қорының қызметі жандандырылатыны туралы айтты.

«Мамыр айында оңтүстік өңірлерден жаңа піскен көкөністер мен жемістерді жеткізу басталады. Бұл мәселені базармен әрі тасымалдаушылармен алдын ала пысықтап, қажет болса, министрліктерді, оңтүстік аймақтардың әкімдіктерін қосыңыз. Сондай-ақ, бағаны маусымдық көтеру шыңында тұрақтандыру қорының (картоп, сәбіз, ұн) жұмысын жандандыруды тапсырамын», - деді әкім.

Өз кезегінде М.Бектұрова кейбір көкөністер мен әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерге бағаны тұрақтандыру туралы шарт талаптарын дайындау бойынша ірі гипермаркетпен келіссөздер жүргізілгенін хабарлады.

Елорданың азық-түлік белдеуін дамыту мақсатында AQMOL дүкендер желісі кеңейтілуде. Сәуір айының соңына дейін тағы бір дүкен ашылады деп күтілуде. Қазір қалада осындай бес дүкен жұмыс істейді. Мұндағы бағалар нарықтық бағадан 15%-ға төмен. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тоғыз түрі осында сатылады.

Осы аптада Астана ӘКК мен AQMOL дүкендері желісі жеңілдетілген қарыз беру жөніндегі шартқа қол қояды деп күтілуде.

«Қазір тұрақтандыру қорында ұн, қант, күріш, қарақұмық, картоп, сәбіз бар. Қазіргі уақытта «1000 орын - көше саудасы» бағдарламасы аясында  тұрақтандыру қорының өнімдерін сатуға қатысты дайындық жұмыстарын жүргізудеміз. Осы айдан бастап тұрақтандыру қорының өнімдері осы желі арқылы сатылатын болады. Дүкендерде нанның бағасы 75-80 теңгеден аспайды. Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында наубайханалар мен ұн тартатын кәсіпорындармен меморандумға қол қоямыз», - деді М.Бектұрова.

Оның айтуынша, мамыр айында қалалық жәрмеңкелер өз жұмысын бастайды. Бұдан әрі жергілікті бюджеттің орындалу барысы туралы әкім орынбасары Асқар Амрин баяндады. Оның айтуынша, шығындар бойынша бюджет 98%-ға игерілді.

Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Мұса Танабаев қаланың 2018-2020 жылдарға арналған қоршаған ортаны сауықтыру жөніндегі кешенді іс-шаралар жоспарының орындалуы туралы баяндады. Әкім қаланың санитариялық жағдайы сын көтермейтінін тілге тиек етті.

«Мобильді топ айнала жүріп, заңсыз кәсіпкерлік қызметті анықтады. ШОБ нысандарының сәулеттік келбеті, тамақтану нысандарының санитариялық жағдайы нормаларға сәйкес келмейді. Аудан әкімдері әр нысанға өз аяғымен барып, жағдайдың мән-жайын тексеріп, нәтиже шығаруы керек», - деп атап өтті ол.

Кеңесте сыртқы жарнама мәтіндерін орналастыру және оларды тиімді пайдалану мәселелері де талқыланды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы