Елордада тауардың төлемі туралы чекті қолдан жасаған алаяқ ұсталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Полицияға дүкен иесі хабарласып, 41 жастағы ер адамның алдау арқылы 110 мың теңгеге жуық сомаға спорттық тауарларды иемденгені туралы арызданды, деп хабарлады қалалық ПД баспасөз қызметі.
Алаяқ сатушыны банктің мобильді қосымшасы арқылы төлеген жалған чекті ұсыну арқылы алдаған.
Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеу барысында өткен жылдың тамыз айында алаяқ басқа адамның дербес деректерін пайдалана отырып, интернет ресурстар арқылы шағынқаржы ұйымдарының 130 мың теңге сомаға онлайн кредит ресімдегені анықталды.
Жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде полиция қызметкерлері алаяқтық үшін бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған елорда тұрғынын ұстады.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азаматтың елорда аумағындағы ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
Полиция кәсіпкерлік қызметкерлеріне жалған чектер түріндегі алаяқтық туралы ескертеді.