Елордада "Тәртіпті өзіңнен баста" шарасы өтті
Елордада "Тәртіпті өзіңнен баста!" тақырыбында кеңес беру іс-шарасы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұрат Әбенов, Жарқынбек Амантайұлы, Республикалық әкелер одағы Астана қаласы филиалы төрағасының орынбасары Марат Көшкінбаев, халықаралық сарапшылар, сондай-ақ студенттер қатысты.
Басты мақсат – билік пен қоғамның белсенді азаматтарын біріктіру, жастар арасындағы мәселелер бойынша ой бөлісу. Жақында өткен осындай бір кездесуде студенттер онлайн-несие, алаяқтық, нашақорлық тақырыптарын көтерді. Кейін біз бұларды жан-жақты зерттеп, шешу жолдарын қарастырамыз. Бүгінгі іс-шара тақырыбы "Тәртіпті өзіңнен баста!" деп аталады. Әр адам тәртіпті өзінен бастауы керек, - деді Мұрат Әбенов.
Аталған іс-шараны "Азаматтық сектор мен жергілікті атқарушы органдар арасында сенімді диалогты қалыптастыру" жобасы аясында Астана қаласы әкімдігі мен "Серпін" әлеуметтік даму ұлттық қоры ұйымдастырып отыр.
Диалогтық алаңда заң мен тәртіпті қоғамдық ортада дәріптеу, жастардың құқықтық сауаттылығын, жауапкершілігі мен азаматтық белсенділігін арттыру, зиянды әрекеттер мен зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары талқыланды.
Сондай-ақ отырыс барысында сала мамандары "Жастардың әлеуметтік мәселелері және оларды шешудің құқықтық-нормативтік негіздері" тақырыбында студенттерге кәсіби құқықтық кеңестерін берді.