Елордада такси жүргізушісі есірткі қылмысын әшкереледі
Елордалық такси жүргізушісі есірткі қылмысының ашылуына көмектесті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен апталық баспасөз мәслихатында ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлімдеді.
Айтуынша, елордалық такси жүргізушісі есірткі қылмысын әшкерелеуге үлес қосқан.
Белгілі болғандай, жас жігіт курьерлік жеткізу кезінде ол қонақүй бөлмесінде қонақтардың есірткі қолданғанын көріп, «102» арнасына хабарлаған. Дереу сол жерге келген полиция қызметкерлері қонақүй нөмірлерінің бірінен 30 жастағы әйелден жалпы салмағы 3,49 грамм болатын «Мефедрон» синтетикалық заты бар 3 бөтелке тауып, тәркіледі, - деп атап өтті ведомство өкілі.
Астана полиция департаменті салтанатты жағдайда астаналық азаматқа алғыс хат табыс етіп, құқық бұзушыларды ұстауға көмектескені үшін алғыс айтты.
Еске сала кетейік, бұған дейін азаматтар жалпы сомасы 1,9 млрд теңге болатын атыс қаруын мемлекетке тапсырғаны туралы жазған болатынбыз.