Елордада Тұңғыш президент күніне арналған мерекелік шаралар басталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада ҚР Тұңғыш президенті күні қарсаңында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде "Елбасы және ел мұраты: тұрақтылық, жасампаздық, сабақтастық" атты ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Шараның мақсаты – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі қайраткерлігін, қоғамдық-саяси қызметі мен еңбектерін кеңінен насихаттау, жастардың отаншылдық сезімін дамыту.
Конференцияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен елорданың қалыптасуындағы Елбасының рөлі жайлы баян етті.
ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы еліміздің тәуелсіздігін қалыптастырған тұлға. Елбасы негізін қалаған ішкі және сыртқы саясатттың нәтижесінде біздің жас мемлекетіміз экономикалық тұрғыдан дамып, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты артты. Нұрсұлтан Әбішұлының саяси ерік жігерінің арқасында елордамыз сонау Алматы қаласынан арқаға көшірілді. Бүгінде бас қаламыз тек сәулетімен ғана емес дәулетімен де танылды. Елордамыздың дүниежүзіне танымал болуына Елбасымыздың қосқан үлесі зор. Елбасыны елордамыздың архитекторы деп айтамыз. Оның бастамаларының нәтижесінде елордамыздың ірі халықаралық саяси-экономикалық, спорттық, рухани шаралардың орталығына айналды. Сондай-ақ, әлемдік татулық пен бірлікті насихаттайтын қала болды, - деді Бақтияр Мәкен.
Сонымен қатар, ол Елбасының қолдауымен өткен Жастар жылында ел астанасы жастардың қаласына айналғанын тілге тиек етті.
Тұңғыш Президенттің қолдауымен өткен биылғы Жастар жылы ел жастарын жан-жақты қолдауға жаңа мүмкіндіктер ашты. Нұр-Сұлтан қаласы жастардың қаласына айналды. Оған дәлел университеттер саны 7-ден 16-ға дейін көбейсе, онда білім алушылар саны 62 мыңнан асты. Ал орта білім беретін мектептер саны 39-дан 117-ке дейін жетті, - деді қала әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, конференцияда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов сөз сөйледі. Ол іс-шараның Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған жоғары оқу орнында өткендігін ерекше атап өтті.
Ғылыми-практикалық конференция алаңында мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, қалалық мәслихат және Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары Елбасының саяси және шығармашылық жолын, сондай-ақ ел жастарының рөлі мен болашағын талқылады.
Сонымен қатар, ҚР президентінің атаулы шәкіртақысының иегерлері Қазақстандағы саяси және зияткерлік сабақтастық туралы еркін пікір білдірді.