Елордада "Спорт күні" аталып өтті

Елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Спорт күніне орай мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мерекелік іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Ел көлемінде спорт күні аталып жатыр. Президентіміз отандық спортқа ерекше назар аударуда. Оның дәлелі қазіргі таңда отандық спортты дамыту мақсатында 7 жылдық нақты тұжырымдама дайындалып, Үкімет қаулысымен бекітілді. Қаржыландыру мәселелері шешілді. Негізгі мақсаттардың бірі қалаларда, аудан орталықтарында, шалғайдағы ауылдарда спорт инфрақұрылымын дамыту. Жастардың, жасөспірімдердің әлеуеті өте зор. 30 жылда спорт саласында біраз жетістікке жеттік. Спортшыларымызды тек жеңген сәтте ғана емес, жеңілген кезінде де қолдауымыз керек. Бүгін еңселі елорданың төрінде мерекеге орай спорт ардагерлерін шақырып, құрмет көрсетіп жатырмыз,- деді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Сонымен қатар министр, қыркүйек-қазан айында Ханчжоуда өтетін Азия ойындарында спортшыларымызға сәттілік тіледі. 

Азия ойындарында спортшыларымыз спорттың 35 түрінен бақ сынайды. Спортшыларымыз жоғары нәтиже көрсетеді деген ниетіміз бар. Келесі жыл біз үшін сынақ жылы. Олимпиада ойындары келе жатыр. Негізгі мақсатымыз Олимпиадаға қатысу үшін Азия ойындарында, Әлем біріншіліктерінде жеңіске жетіп, жеңімпаз атану,- деді министр.

Іс-шара барысында еліміздің спорт саласына елеулі үлес қосқан спорт қызметкерлері мен спорт ардагерлері ҚР Премьер-министрінің құрмет грамотасы және ведомстволық төс белгілермен марапатталды. Салтанатты іс-шара мерекелік концертпен жалғасты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы