Елордада ШЫҰ Бас прокурорларының мерейтойлық отырысы өтіп жатыр
Бүгін елордада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер бас прокурорларының 20-шы отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Іс-шараға Қырғыз Республикасының, Ресейдің, Тәжікстан мен Өзбекстанның бас прокурорлары, сонымен бірге онлайн форматта Қытайдың Жоғары халықтық прокуроры мен Үндістанның Бас прокуроры қатысуда.
Қазақстан астанасына келгеніңіз үшін шын жүректен алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер. Делегаттарды ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Бас прокурорларының 20-шы мерейтойлық отырысымен құттықтаймын. Оның Қазақстан жерінде өтуі біз үшін үлкен мәртебе, – деді сөз басында Бас Прокурор Берік Асылов.
Сондай-ақ еліміздің Бас Прокуроры Берік Асылов отырысты аша отырып, аймақтағы трансұлттық қылмысқа қарсы күреске бағытталған шаралар туралы айтты.
Шанхай ынтымақтамтық ұйымының қызметі тек қана экстеризм, сепаратизм және терроризммен күресумен шектелмейді. Әртүрлі трансұлттық қылмыстың қауіпті жолдарымен күресуді де қарастырады, – дейді Берік Асылов.
Кездесудің негізгі тақырыбы қылмыстық активтерді қайтару кезіндегі тәжірибемен алмасу, озық практикаларды және мәселелерді сарапқа салу.
Жиында трансұлттық экономикалық қылмыс қауіпсіздікке қол сұғып қана қоймай, сонымен қатар қаржы жүйелерінің тұрақтылығына, ашықтығына және тиімділігіне нұқсан келтіретін жаһандық қауіп екені айтылды.
Халықаралық сарапшылардың мәліметінше, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басқа елдермен сауда айналымындағы жыл сайынғы айырмашылық шамамен 675 миллиард долларға жеткен. Бұл қаражат ағыны терроризм мен экстремизмді қаржыландыруы мүмкін. Сондықтан осы мәселеде тәжірибе алмасу ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жағынан аса маңызды. Бұл мәселе бүкіл елдерге қатысы бар , - дейді Бас Прокурор.