Елордада шыққан өрт 1 гектар жерді шарпыды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлиден елордада шыққан өрт туралы ақпарат алдық.

Бүгін сағат 15.03-те 101 пультіне Есіл ауданындағы Қорғалжын тас жолының бойында қураған шөптің жануы туралы хабарлама келіп түскен болатын. Өрт сөндірушілер келген бойда құрғақ шөп, қамыс жанып жатқаны белгілі болды. Өрттің көлемі 1 гектар аумақты алып жатыр. Зардап шеккен немесе қайтыс болған жағдай тіркелмеді, - деді ол.

Талғат Уәлидің айтуынша, қазіргі уақытта өрт сөндіруге жеке құрамның 25 адамы және 11 техникасы жұмылдырылған. 

Сағат 17.30-дағы ақпарат бойынша өрт жартылай өшірілді. Өрт Нұр-Сұлтан қаласының жасыл белдеуі маңайындағы ағаштарға зиян келтірген жоқ. Қазір өрт сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді ол.

ТЖМ-ның ресми өкілі өрттің себебін нақты болжау мүмкін еместігін және далада жатқан бос бөтелкенің өзі өрттің шығуына әсер етуі мүмкін екенін айтады. 

Оттың Нұр-Сұлтан қаласының жасыл белдеуіне, құрылыс нысандарына таралу қаупі жоқ.   
Айта кету керек, өрт шыққан жағдайда 101 нөміріне хабарласып, өрт шыққан мекенжайды, не жанып жатқанын айту қажет. Өзіңіздің атыңыз бен нөміріңізді де бергеніңіз жөн. Ол өрт сөндірушілерді күтіп алып, өрт ошағына жедел апаруға керек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы