Елордада "Шыңғысхан" хореографиялық спектаклі қойылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл қойылым Азиядағы тұңғыш біртұтас мемлекет құрушы, өз заманының аса ірі әскери қолбасшысы Шыңғысханға арналады. Спектакльдің премьерасы  маусым айына жоспарланып отыр.
 

«Наз» мемлекеттік би театрында дайындық жұмыстары қызу жүруде. Қойылымда аңыз-әңгімелерге сүйене отырып, Шыңғыс хан дүниеге келетін шақтан бастап, ер жетіп, ел билеген кезеңдерінің барлығы қамтылады. Өзінің әскери қабілетінің арқасында Шыңғысхан ұлан-ғайыр аумақты басып алып, билігін жүргізген. Оның әкесінен айырылған кездегі қайғысы, аң аулап жүріп абайсызда бауырын өлтіріп алуы және жары Бөртеден айырылып қалған кездегі ыза-кегі мен қайғысы хореография тілінде көркем бейнеленетін болады. Қойылымда Бөртені қайтару үшін Шыңғыс ханның бауырларымен бірге меркіттерге қарсы жорығы, кегін қайтаруы би тілінде әсерлі көрсетіледі.


«Шыңғысхан әлемдік тұлға. Спектакльде оның өмірбаянын көрсетеміз. Бұл қойылымға біз үлкен жауапкершілікпен, толғаныспен келіп отырмыз. Спектакль толықтай тарихи деректерге сүйеніп жазылған. Қойылымға Б.Шарав деген моңғол композиторының әуені алынды, хореограф та моңғолиялық Токсу Томурхуяг деген азамат. Спектакльде бір көріністен екініші көрініске өту жолдары халыққа түсінікті болу үшін үлкен жұмыс атқарылды. Костюм дизайнына келетін болсақ моңғолия суретшісі бізге бастан-аяқ жобаның эскизін салып көмектесті. Би әлемінде "Шыңғысхан" халықтық хореография тілімен дүниеге келген алғашқы шығарма болады», - деді театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қадиша Ағымбаева.


Хореографиялық спектакльге дайындық жұмыстары үш жылдан бері жүргізіліп келген. Спектаклдің премьерасы 26 маусым күні елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы