Елордада шинкиокушинкай каратэден республикалық турнир басталды
Астанадағы "Аспан" спорт кешенінде Тәуелсіздік күніне орай шинкиокушинкай каратэден республикалық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
2 күнге жалғасатын бәсекенің алғашқы күнінде қатысушылар каратэнің теориялық негіздерін көрсететін "ката" бағдарламасында бақ сынаса, екінші күні "кумитэ" бағдарламасында жекпе-жектер өтеді.
Мұндай турнир екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Осы спорт түрі енді ғана дамып келе жатқандықтан, 9 өңірден 120 қатысушы келді. Салыстырмалы түрде бұл - жақсы көрсеткіш. Бүгін "ката" сайысы бойынша түрлі санаттағы спортшылар базалық элементтерді дәлме-дәл көрсетуі бойынша жеңімпаздар анықталады. Мұның ерекшелігі - жекпе-жекке түскісі келмейтін кей жандар және жасы үлкен азаматтар тек осы бағытпен шұғылданса болады. Мысалы, 44 жастағы қатысушымыз жастармен бәсекелесіп, ел ішіндегі додаларда топ жарып жүр, - деді Республикалық турнирдің бас төрешісі Максим Вавил.
Республикалық жарыста Астана, Алматы қалалары, Алматы, Қостанай, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Абай облыстарынан 8 жас және одан жоғары жас санаттары бойынша жүлделер сарапқа салынып жатыр.