Елордада шетелдік қазақ жастары арасында футбол турнирі өтеді
Нұр-Сұлтан, 27-28 сәуірде елордада тарихи Отанына оралған, сондай-ақ шет елдерде тұратын қандастарымыздың арасында шағын футболдан халықаралық турнир өтеді.
Бұл бәсекені «Отандастар қоры» КЕАҚ және Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы ұйымдастырып отыр.
Турнир Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі Спорт комитеті және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қолдауымен өткізілмек.
Айта кетер жайт, биылғы, бесінші рет ұйымдастырылатын ала доп бәсекесі Жастар жылына арналады.
Доп додасына қандастарымыз жиі қоныстанған Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Ауғанстан, Иран, Ресей, Қырғызстан тәрізді алыс-жақын шет елдермен қатар Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан және облыстардан барлығы 30-ға жуық команда қатысады.
Аталған шара бұқаралық спортты дамыту, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу, оларды отансүйгіштікке баулу және отандастарымызға тарихи Отанына оралуына ықпал ете отырып, еліміздің жетістіктерін көрсету мақсатында өткізілмек.
Шараның жүлде қоры 3 миллион теңгені құрайды. Командаларды жұптау 26 сәуір, сағат 16:00 де Отандастар қорында (Қонаев көшесі, 12/1) жүргізіледі. Турнирдің басталуы 27 сәуір, сағат 9:00 де, Жас-Батыр спорт кешенінде (Конституция көшесі, 3) өтеді.