Елордада шаңғы базасы салынады
Орны әлі нақтыланған жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы elorda.info жазды. Нұр-Сұлтан қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев қалалық әкімдікте өткен брифингте «Астана Парк» қонақүйінің жертөлесінде жаттығып жүрген шаңғышылардың мәселесі қалай шешілетіні туралы айтты.
«Кейінгі жылдары бізде шаңғы базасына байланысты үлкен мәселе бар. Өзіміздің базамыз болған жоқ. «Астана парк» жеке меншік нысан болғандықтан, бізге жалға беріп келді. Ол база шаңғы спортына маманданбағандықтан, спортшыларға жағдай жасалмаған. Бұл мәселе әкімдік деңгейінде көтерілді, арнайы жер телімі бөлінетін болды. Жобалық-семталық құжаттамаға жобасын ұсындық. 2023 жылы біздің өз шаңғы базамыз болады деп ойлаймын. Орны әлі нақтыланған жоқ. Негізі жаңадан ондай нысан салу үшін уақыт керек. Бір ғана база аз болады. Өйткені бұл бұқаралық спорт түріне жатады. Қыста жыл сайын «Бұрқасын» маусымын ашамыз. Шаңғы спорты астанамызда жақсы дамып келеді. Спортшыларымыз чемпионаттарда сәтті өнер көрсетіп жүр», - деді Самат Жылқыбаев.