Елордада шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі 3,1%-ға артты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 1 қаңтардағы жағдай бойынша елордада 167 183 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген.
Оның 68 483 заңды тұлға, 98 364 жеке кәсіпкер және 336 шаруа қожалығы.
Өткен жылмен салыстырғанда өсім 3,1%-ды құрайды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. Шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің тұрақты өсуі мемлекеттің кәсіпкерлік ортаның жай-күйін жетілдіру бойынша қажетті жағдайлар жасауының және қаладағы бизнес-ахуалды жақсарту бойынша үздіксіз жұмыс жүргізуінің арқасында мүмкін болды.
Қазіргі уақытта елордада шағын және орта бизнесті дамыту мен қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – "Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамыту бағдарламасы. Ол бойынша екінші деңгейдегі банктерде несиенің ең жоғары сомасы 2,5 млрд теңгеге дейін кредиттердің пайыздық көрсеткіштерін 40%-ға дейін субсидиялау, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін 85%-ға дейін және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер үшін 50%-ға дейін кепіл мүлкін қамтамасыз ету мақсатында кепілдендіру, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 3 млн теңгеге дейін мөлшерде мемлекеттік грант беру, бизнес нысандарының инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары іске асуда.
Жұмыспен нәтижелі қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" бағдарламасы да сұранысқа ие.
Осы бағдарлама аясында салалық шектеулерсіз 5 жылға дейінгі мерзімге жылдық 6%-бен 8 000 АЕК-ке дейін шағын несиелер беру, сондай-ақ ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін 85%-ға дейін және жұмыс істеп жүрген бизнес өкілдері үшін 50%-ға дейін кепілдік беру көзделген.