Елордада сауда-ойын-сауық орталықтары ашылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Коронавирус инфекциясының пайда болуына және таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында қазіргі эпидемиологиялық ахуал мәселелері қаралды.
Бұл туралы Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы хабарлады.
Денсаулық сақтау министрі Біртанов өз мәлімдемесінде санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау қажеттілігіне тоқталды. Себебі, қарантин шараларын жеңілдету кейбір өңірлерде ауруды жұқтыру санын көбейтіп отыр.
Осыған орай, өңірлерде қызметіне қайта кіріскен объектілерде санитариялық талаптардың орындалуына қатаң бақылау ұйымдастыру тапсырылды.
Тек Нұр-Сұлтан қаласында жүргізілген тексеріс жұмыстары барысында санитариялық талаптарды орындамағаны және бұзғаны үшін 15 құрылыс нысанының қызметі анықталған кемшіліктерді орнына келтіргенше тоқтатылды.
Сонымен қатар қолайлы эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Ведомствоаралық комиссияның шешімімен 2020 жылғы 20 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Петропавл қалаларында сауда-ойын-сауық орталықтарының (ойын-сауық алаңдары, фудкорттар, кинотеатрлар іске қосылмайды), қоғамдық моншалардың қызметін іске қосу туралы шешім қабылданды.
Ресей Федерациясынан 1 мыңдай Қазақстан азаматын, оның ішінде сол жақта оқитын студент жастарымызды елге қайтару мәселесі қаралды.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бірнеше нақты тапсырмалар берді.