Елордада сарбаздар жол апатына түскендерге көмектесті
Елордада Ұлттық ұланға қарасты 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері жол-көлік оқиғасының куәгері болып, зардап шеккендерге алғашқы болып медициналық көмек көрсетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ұлттық ұланның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, оқиға Сарыарқа ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқару кезінде орын алған. Әскери жасақ сақшылары құрамында әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Талғат Қали, сақшылар қатардағы жауынгерлер Нұршат Мәсімжан мен Ербол Қошанов Бейбітшілік және Жангелдин көшелерінің қиылысында болған жол-көлік оқиғасының куәсі болады.
Тәртіп сақшылары оқиғаны дереу төтенше жағдайлар қызметіне хабарлап, апаттан зардап шеккендерге тез арада көмек көрсетуге бет бұрды.
Сарбаздар зардап шеккен «Лада Гранта» көлігінің жүргізушісіне жедел жәрдем келгенге дейін қажетті алғашқы медициналық көмек көрсетті .
Өз кезегінде елорда тұрғыны Нұрқанат Сапарбеков апат кезінде зардап шеккендердің қасында болған Ұлттық ұлан сарбаздарына алғашқы көрсеткен көмектері үшін алғыс білдірді.
Біз тек қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті ғана қамтамасыз етпейміз. Өрт шыққан жағдайда немесе басқа да оқыс оқиғалар кезінде халыққа көмек қолын созуға тырысамыз. Осы жолы жол-көлік апаты орын алды. Апатқа түскен азаматтарға көмектестік, - дейді қатардағы жауынгер Талғат Қали.