Елордада сақтардың құпиясын зерттеушінің көрмесі таныстырылды

Елордадағы Ұлттық музейде "Дала қорғандарының құпиялары" атты көрме ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көрме танымал археолог, профессор Зейнолла Самашевтың 75 жылдық мерейтойына арналып отыр.

Экспозицияда Шығыс Қазақстандағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылып отыр.

Көрме еліміз бен шетелге белгілі археолог Самашевтың қазақ археологиясына қосқан теңдессіз үлесін насихаттау мен оның ғылыми жолындағы жаңалықтарын келешек ұрпаққа таныстыруды мақсат тұтқан.

Айта кетерлігі, еліміз егемендік алған сәттен бастап ғалым өзінің қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.

Зейнолла Самашев — отандық ғылым саласына Берел қорымы, Аралтөбе, Сарайшық ескерткіштеріне жүргізілген қазба жұмыстарының авторы. Сондай-ақ 2010 жылы "Тарихи дерек көзі ретінде Қазақстанның жартастағы бейнелері" тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. 300-ден астам ғылыми мақала мен жиырмаға жуық монографияның авторы.

Соңғы жылдары шығыс өңірінде Зейнолла Самашев бірнеше археологиялық қазба жұмыстарына жетекшілік етіп жүр. Соның ішінде Елеке сазы патшалар жазығындағы "Алтын адам" түркі дәуіріне тән қаған кешені, Ақбауыр сақ заманының қоныстары ел археологиясына теңдессіз жаңалық әкелген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы