Елордада Роза Бағлановаға арналған көрме өтіп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордадағы Ұлттық музейде КСРО Халық әртісі Роза Бағлановаға арналған «Ән өнерінің падишасы» атты көрме өтіп жатыр. 

Игі шара Халық қаһарманының туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Аты аңызға айналған жезтаңдай әншінің өмірі мен шығармашылығын ұрпаққа насихаттауды мақсат тұтқан көрмеге  әншінің отбасылық қорынан алынған сахналық киімдері, әшекей бұйымдары, марапаттары мен жеке тұтынған заттары, фотосуреттері қойылған.

Роза Тәжібайқызы қазақ елінің ғана емес, бүкіл Кеңес Одағының мақтанышына айналған ұлы тұлға. Ол бүкіл Қазақстанда, КСРО-ның бұрынғы республикаларында, шетелдерде болып, Отан, махаббат пен достық, адам мен табиғат туралы әндерді шырқап, ерекше дауысы мен үстіндегі ұлттық киімімен елдің жүрегін баураған. Роза Бағланованың бай мұрасы мен жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталады, - деді музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Шара аясында Роза Бағланованың ұлы Тәжен Бағланов анасы жайлы естеліктерімен бөлісті.

 

Ал әншінің атын иеленген қоғамдық қордың төрайымы, келіні Марал Бағланова көрменің маңыздылығына тоқталды. 

Анамыздың 100 жылдық мерейтойына арналған көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Ал бүгінгі шараның орны мүлдем бөлек. Себебі бүгінгі көрмеге анамыздың өзі қолданған жеке заттары ұсынылып отыр. Бұл заттардың барлығы біздің отбасымыз үшін баға жетпес дүние саналатын құнды жәдігерлер. Ол кісі – біздің ғана анамыз емес, барша халықтың анасы, - деді ол.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бақытжан БАТЫРХАНҰЛЫ
Өзгелердің жаңалығы