Елордада робототехника бойынша ұлттық чемпионат мәресіне жетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордадағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектепте World Robot Olympiad робототехника бойынша ұлттық чемпионат өз мәресіне жетті. 

Бұл туралы аталған білім ордасының баспасөз қызметі хабарлады. 

Байқау роботтардың адамзатқа қалай қызмет ете алатындығы және осы ынтымақтастықты қалай қауіпсіз етуге болатындығын насихаттауды мақсат тұтқан. Робототехника мен жасанды интеллект күн сайын әлемді өзгертуде. 

Роботтар әлемді жаулайды деген сенім – аңыз, олар болашақта адамдарға көмектеседі, себебі роботтарды жасаушылар басқарады, – дейді Мирас Кеңес. Ол командалық әріптесі Амир Қарабаевпен елордадағы танымал «Роботек» мектебінің атынан қатысып, WRO-2022 чемпионатының қола жүлдегерлері атанды.

Ұлттық чемпионатта ұсынылған жобалардың тақырыптары жас робототехниктердің өршілдігі мен үздік білімін, сондай-ақ қызығушылықтарының алуан түрлілігін дәлелдеді. Роботтардың көпшілігі бүгінгі заманның басты трендтері – медициналық, экологиялық және әлеуметтік басымдықтарға арналды.

Бір адамның өмірін құтқарған жан бүкіл әлемді құтқарады, – дейді Павлодардағы Зияткерлік мектеп оқушылары Аида Абкенова мен Шахназар Сайлаукан.

 Олар – Rehabis бірегей медициналық жобасының авторлары, бұл ишемиялық инсульттан кейін оңалтуға арналған көп функционалды жүйе. Аида мен Шахназар – ұлттық чемпионаттың «Future Innovators. Senior» номинациясы бойынша жеңімпаздары.

WRO-2022 қатысушылары Талдықорғандағы NIS түлегі Даниил Филимоновты робототехника мен мехатроника саласын игеріп жүрген Назарбаев Университетінің студенті ретінде қарсы алды. Даниил ел ішінде және олимпиадалық қозғалыста көптеген республикалық чемпионаттарда иеленген жетістіктерімен танымал, ол 2019 жылы Венгрияның Дьор қаласында өткен WRO сайысының әлемдік кезеңінде қола жүлдені еншіледі. 

Олимпиаданың офлайн форматта ұйымдастырылғанына, сондай-ақ пандемия кезінде бізге жетіспеген атмосфераны сезінгеніме қуаныштымын, – дейді Даниил.

Мен өзімнің тренерім Николай Авдюнинге көмек қолын созып, балаларға қолдау көрсетуге келдім. Чемпионаттағы айтарлықтай жетістіктерді байқадым: роботтар Arduino-да жасалуда, машиналық көру және нейрондық желілер енгізілуде, оқушылар өз жобаларын театрландырылған көріністер арқылы қорғауда. Қазақстанда робототехника, соның ішінде білім беру робототехникасы пандемиядан кейін қайта жаңғырып келеді, - деп отыр. 

«Robomission», «Future Innovators», «Future Engineers» санаттарында олимпиада чемпиондары арасынан оқу-жаттығу жиынынан кейін қараша айында Германияның Дортмунд қаласында өтетін WRO-2022 байқауының әлемдік кезеңінде өнер көрсететін ұлттық құрама жасақталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы