Елордада қысқы спорт маусымы шаңғы тебумен басталды

Астанадағы шаңғыроллер тас жолында қысқы спорт маусымы салтанатты түрде жалауын көтеріп, шаңғы жарысымен ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әікімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Шаңғы жарысы бірнеше жас ерекшеліктері бойынша 500 метр және 5 км қашықтықта өтті.

Фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов жиналғандарды шаңғы мерекесімен құттықтады.

Астанада шаңғы спорты кең өріс алған. Осындай жарыстарды ұйымдастыру дәстүрге айналып жыл сайын қолдау көрсетіліп келеді. Бұл халықтың қысқы спорт түрлеріне деген қызығушылығының артуына ықпал етеді. Сондықтан бүгінгідей бұқаралық сипат алып отырған шаңғы мерекесінің маңызы зор. Баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен және қысқы спорт маусымының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын, - деді Еркеғали Давлетханұлы.

Айтулы шараға 500-ге жуық қала тұрғындары мен қонақтары жиналды. Мерекелік шарада ересектер мен балалар араласа жүріп шаңғы тепсе, енді бірі гір тасын көтеруге, қол күресіне, арқан тартыс және белбеу күресіне қатысып өз бақтарын сынады.

Сондай-ақ, мерекелік шара аясында көрермендер мен қатысушылар арасында лотерея ойындары ұйымдастырылып, бағалы сыйлықтар ойнатылды.

Әр жас шамасына қарай бөлінген топтардың арасынан суырылып шыққан жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы