Елордада құрылысы аяқталмаған 30-дан астам тұрғын үй кешені бар
Бұл туралы елорда әкімі Жеңіс Қасымбек жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тұрғындармен, оның ішінде үлескерлермен тұрақты түрде кездесіп тұрамын. Құрылысы ұзаққа созылған бірқатар ғимаратқа бардым. Өздеріңізге мәлім, әр нысанның өткен тарихы әртүрлі, олардың құрылысы бірнеше жылдан бері бітпей келеді. Мәселен «Ақерке-2» тұрғын үй кешенінің тіпті іргетасы да болмаған еді, ал «Пана» тұрғын үй кешенінің құрылысы 8 жыл бұрын басталған, - деп жазды әкім.
Осыған дейін әкімдік құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау бойынша үлкен жүйелі жұмыс жүргізген болатын. Дегенмен қалған нысандарды аяқтау міндеті де мойнымызда тұр. Бұл 30-дан астам тұрғын үй кешені, онда мыңдаған отбасы жылдар бойы баспанасын күтіп жүр. Құрылысы ұзаққа созылған әрбір нысанды аяқтау бойынша өзіндік жоспары бар. Биыл осы нысандарды аяқтауды тапсырдым.
Қаланы аралау барысында донор-нысандардың құрылысымен таныстым. Олар ұзаққа созылған нысандардың құрылысын аяқтау үшін салынған қаражаттың қайтарымдылығын қамтамасыз етеді. Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуы Мемлекет басшысының бақылауында, - деді Қасымбек.