Елордада «Құрақ Көрпе» стиліндегі эко-шырша орнатылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада ел Тәуелсіздігінің отыз жылдығын мерекелеу құрметіне халықтық флешмоб басталды. Жаңа жыл қарсаңында елордада «Құрақ Көрпе» стилінде тоқылған шырша пайда болады. Оған қажетті заттарды кез келген адам дайындай алады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. 

Кез-келген адам ерекше шыршаның «бөлшектерін» жасауға қосыла алады. Ол үшін күн сайын 24-29 желтоқсан күндері сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін Бейбітшілік және келісім сарайында қатысушылармен тоқу бойынша шеберлік сыныптары өткізіледі.

«Құрақ көрпе» стиліндегі эко-шырша жобасы дағдарыс кезеңіндегі өзекті мәселелерді шешуге көмектеседі. Олардың бірі-жастарды, әсіресе аз қамтылған, жұмыссыз, мүгедек адамдар және әлеуметтік осал топтардың басқа да санаттарындағы жастарды оқуға, қосымша табыс табуға, үйдегі жұмысты, шағын өндірісті және креативті экономиканы дамытуға ынталандыру. Сонымен қатар, тоқу шеберлігі - бұл пайдалы бос уақыт (хобби), стресс пен депрессия белгілерін жеңілдетуге көмектеседі.

Пилоттық режимдегі эко-шырша жобасы 2019 жылы Нұр-Сұлтан, Алматы, Көкшетау, Семей қалаларының қолөнершілерінің күшімен жүзеге асырылды. 2020 жылы әкімдіктің қолдауымен жобаның географиясы жаңа қалалар мен елдермен кеңейді.

Жылы әшекейлерді жасауға мектеп оқушылары мен олардың ата-аналары, қарттар үйінің зейнеткерлері, балалар үйінің тәрбиеленушілері, қоғамдық қорлардың, елшіліктердің өкілдері қатысады.

Шыршаға арналған шығармашылық киім жұмсақ ойыншықтармен және сәндік шарлармен безендірілген және иірілген жіптен тұрады. Барлық элементтер «Құрақ көрпе» дәстүрлі қазақ техникасы типі бойынша бірыңғай кенепке біріктіріледі.

Жоба Қазақстан Тәуелсіздігінің отыз жылдығына орайластырылған және «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Жаңа жылға арналған эко-шырша әр түрлі ұрпақтарды біріктіреді, жасына, жынысына, тіліне, қаржылық жағдайына, физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан шекарасыз әлеуметтік қатынастарды құруға көмектеседі.

«Құрақ Көрпе» стиліндегі Эко-шырша арт-нысанының тұсаукесері 30 желтоқсанда Ақмешіт көшесі жағынан Нұржол бульварында өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы