Елордада қоқыс тастағандарды қатаң жауапкершілікке тартып жатыр
Тек екі күн ішінде қоғамдық орындарды ластағаны үшін 390 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана қаласы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елорданың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында 2023 жылдың 9 - 16 қазан аралығында Астана қаласында қоқыс қалдықтары бойынша тиісті ережелердің сақталуын тексеру, алдын алу және анықтау мақсатында іс-шара жүргізілуде.
Мәселен, акцияның 2 күнінде абаттандыру Ережелерін бұзғаны және қоғамдық орындарды ластағаны үшін 390 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы айыппұл сомасы 1 миллион теңгеден асты.
Белгіленбеген орындарға қоқыс түсіргені үшін жеке тұлғаларға 30 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын естеріңізге саламыз. Астана қаласы Полиция департаменті елорда тұрғындары мен қонақтарынан Астана қаласының аумағын абаттандыру қағидаларының талаптарын қатаң сақтауды сұрайды. Қоқыстарды рұқсатсыз түсіру фактілері анықталған жағдайда 102 нөмірі бойынша полицияға хабарлау қажет, - деді қалалық полиция қызметі.