Елордада қоғамдық орында алкоголь ішкен 850-ден астам азамат жауапқа тартылды
Учаскелік полиция инспекторлары аудан әкімдігі, білім басқармасы өкілдері мен еріктілермен бірлесе отырып, ойын-сауық орындары мен компьютерлік клубтарда құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жергілікті рейдтік іс-шаралар жүргізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Астана қаласы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, «Есіл» ауданы бойынша жұмыс барысында белгіленбеген жерлерде кальян шегудің 29 фактісі анықталды. Осылайша, түнгі уақытта Қонаев көшесінде орналасқан бардың жалпы залында кальян шегудің екі фактісі тіркелді. Бардың келушілері полицияға хабарласып, кальян шегушілерге шағымданған.
Белгіленбеген орындарда кальян қоспасын тұтынуға тыйым салуды бұзғаны үшін құқықбұзушыларға әкімшілік хаттама толтырылып, олар 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген ақпаратта.
16 қыркүйектен бастап елорда аумағында «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Іс-шара басталғалы бері 7 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 148 ұсақ бұзақылық жасау және қоғамдық орындарды ластаудың 700-ге жуық фактісі тіркелді. 850-ден астам азамат қоғамдық орындарда алкоголь ішкені немесе мас күйінде жүргені үшін жауапқа тартылды.