Елордада Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы басталды
Кеңес құрамына этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден 126 өкіл кірді.
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы жұмысын бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алғашқы сессия 23-24 қыркүйекте өтеді. Оны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес шақырды.
Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғары конституциялық консультативтік орган. Оның мәртебесі Конституцияда бекітіліп, жұмыс тәртібі арнайы Конституциялық заңмен айқындалған.
Кеңес құрамы Президенттің 22 қыркүйектегі жарлығымен бекітілді. Барлығы оның құрамына 126 адам кірді. Заңға сәйкес орындар үш топ арасында тең бөлінеді: этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі, қоғамдық бірлестіктер мен басқа да коммерциялық емес ұйымдардың 42 өкілі және өңірлер, Астана мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары мен қоғамдық кеңестерінің 42 өкілі. Кеңес мүшелерінің өкілеттік мерзімі – төрт жыл.
Олардың қатарында бұрынғы депутаттар Ермұрат Бапи, Еділ Жаңбыршин және Нұртай Сабильянов, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов, «Қазақтелеком» басшысы Бағдат Мусин, «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Муталип, Қазақстан машина жасаушылар одағы басқармасының мүшесі Андрей Лаврентьев, сондай-ақ түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері бар.
Еске салайық, кеше елордада Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Жиынның ашылуында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеңестің төрағалығына Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсынған болатын.
Дауыс беру қорытындысына сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды.