Елордада полиэтилен пакеттерінен жасалған арт-нысан ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Жетісу" саябағында  қазақстандық суретші Сәуле Сүлейменова  полиэтилен пакеттерінен арт-нысан жасады.

Жұмысты ұйымдастыру үшін 2020 жылдың 1 шілдесінде Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы қала тұрғындары мен қонақтарынан полиэтилен пакеттерін жинау бойынша "StopMusor"  акциясын ұйымдастырған. 

Акция қаланың үш саябағында 3 күні бойы өткізіліп, нәтижесінде  4000-нан астам пакет жиналған.

Қазақстанның экологиялық  ұйымдары қауымдастығының басқарма төрағасы Айгүл Соловьева полиэтилен пакеттері қоршаған ортаға орасан нұқсан келтіретінін айтты.

Пакеттің мұхит пен өзен-көлдерге, су ресурстарына тигізетін зияны зор. Су ресурстары сарқылатын байлық. Біз осы шара арқылы полиэтилен пакеттерінің зияны қаншалықты көп екенін көрсетуге тырыстық. Оларды жойып,қайта өңдеуге жіберу керек. Сондықтан инсталляция арқылы түсінігі бар адамдардың саналарына қоқысты жинап жүру қажетін жеткізуге тырыстық, - деді Соловьева.

Сондай-ақ ол елордада қатты жел болғандықтан полиэтилен пакеттері үнемі көшеде ұшатынын айтты. 

Ал арт-нысанды жасаған алматылық суретші Сәуле Сүлейменова соңғы үш жылда қоқыстан арт-нысандарды әзірлеумен айналысады.Ол әр тұрғынның үйіндегі "пакеттегі пакет" мәселесін шешу мақсатында полиэтилен пакеттерін қолдана бастаған. 

Аталған арт-нысанды жасауға 3 күн, тәулігіне 10-12 сағат кетті. Мен алдымен инсталляцияның идеясын ойластырдым. Қазақстан десе, ең алдымен ен дала және сол далада шашылып жатқан қоқыс елестеді. 2 жыл бойы жұмыстарымды қандай әдіспен жасау керегін ойластырдым. Қазір желім пистолеті мен силикон желімін қолданамын. Пакеттер боялмайды. Бірнеше пакетті қосу арқылы қажет түсті жасап шығарамын,-дейді ол.

Суретші пакеттерден өнер туындысын жасай отырып, азаматтарды экологиялық мәселелер туралы ойлануға және пластиктен барынша бас тартуға шақырады. 

Инсталляцияда көк аспанды бейнелеуге тырыстым. Қазір еліміз күрделі кезеңді бастан кешіріп жатыр. Бұл оқиғаға қатысты адамдардың үміті зор болғанын қалаймын. Осыған дейін 5 көрме өткіздім. Осы сынды ірі 4-5 арт-нысан жасалды,-дейді ол.

Экологиялық ұйымдары қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов айтып өткендей, елімізде жылына 3-5 млн-ға дейін қатты қалдық жиналады.

Елде 3 мыңнан астам полигон бар. Былтыр 9 мыңға жуық стихиялық қоқыс анықталған. Бұл мәселені шешу үшін халықтың әлеуметтік-экологиялық сауатын арттыру, Президент айтқандай,экологиялық сабақтарды енгізу керек. Айыппұлды арттыру керек. Бүгінде қоқысқа қатысты айыппұл 10-25  АЕК-ні құрап отыр. Бұл өте аз,-дейді Абақанов.

Ол атағандай, 2021 жылға дейін тағы бірқатар жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Айта кетейік, арт-нысан елордада қыркүйекке дейін тұрады. Кейін Алматыға жеткізілмек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы