Елордада Паралимпиадалық орталықтың қызметкерлеріне алғашқы көмек көрсету жолдары үйретілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада Паралимпиадалық жаттықтыру орталығында «Алғашқы медициналық көмек» көрсету бойынша біліктілікті арттыру курсы өтті. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.
Күніне 150-ден 200-ге дейін ерекше жандарға қызмет көрсететін Паралимпиадалық жаттықтыру орталығының қызметкерлері Қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы мамандарынан «Базалық реанимация» тақырыбында теориялық және практикалық білім алады.
Паралимпиадалық орталықтың қызметкерлеріне алғашқы көмек көрсету тәсілдерін үйретіп жатырмыз. Ол кісілерге теориялық түрде алған білімін арнайы маникендерде тәжірибе жүзінде үйреттік. Қазіргі уақытта осындай қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып, тұрақты түрде өткізіп тұрамыз, – деді қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы симуляциялық оқыту орталығының басшысы Қасым Шынтас.
Алғашқы медициналық көмек – бұл өмірге қауіп төндіретін құбылыстарды жою, мүмкін болатын асқынуларды болдырмау, жағдайды жеңілдету және зардап шегушіні медициналық мекемеге жеткізуге дайындау мақсатында жарақат алғанда немесе кенеттен ауырған кезде жүргізілетін шұғыл шаралар кешені.
Біз күнделікті жаттығу жасайтын кісілермен байланыста болғандықтан алғашқы көмек көрсету принциптері өте маңызды. Сол себепті бізге медициналық қызметкерлердің алғашқы көмек көрсету жолдары үйретілді. Адамның жүрегі тоқтап қалғанда, өзін нашар сезінгенде іс-әрекеттеріміздің алгоритмі айтылды, – деді Паралимпиада жаттықтыру орталығының жаттықтырушысы Диана Молдахметова.
Алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша барлық әрекет науқастың жағдайын қиындатпау, оның ауырсынуын күшейтпеу және жаңа жарақаттарды болдырмау үшін өте сақтықпен жүргізілуі керек.
Уақытылы және толық көрсетілген дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді және ықтимал асқынулардың алдын алу қызметін атқарады, бұзылған дене функцияларын және зардап шегушінің еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіру үшін қолайлы болжамды қамтамасыз етеді.
Курсқа қатысқандарға халықаралық сертификаттар тапсырылды.