Елордада өздігінен дезинфекцияланатын аялдама пайда болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада өздігінен дезинфекцияланатын аялдама павильоны пайда болды.

Автономды дезинфекция жүйесі Қосшығұлұлы көшесіндегі жабық аялдамаға орнатылды.


Жүйе «Астана Innovations» компаниясының «Ақылды аудан» жобасы аясында іске қосылды. Жоба менеджері Айнұр Асқарованың айтуынша, дезинфекциялау жұмысы дыбыссыз атқарылады. Жүйе бөлмені сағатына 200 текше метрге дейін иондаудауға қауқарлы. Ол 10 минут бөлме ауасындағы вирустың 99,9%-ын залалсыздандырады.


Жоба менеджерінің айтуынша, жүйені қоғамдық көлікте де пайдалануға болады. Оның бір артықшылығы, дезинфекцияны қоршаған ортаға зиянын тигізбей жасауында.

Ол көп электр қуатын шығындамайды, сонымен қатар ауаны сүзу жүйесін де қоса атқарады және қашықтан басқарылады. Бұл жүйе жұқпалы аурулардың таралуы мен жұқтыру қаупін азайтуға және туберкулез, пневмония, тұмау, коронавирус сияқты мутацияланатын вирустарды залалсыздандыруға ықпал етеді, - дейді «Астана Innovations» АҚ «Ақылды аудан» жобасының менеджері Айнұр Асқарова.


Сондай-ақ, мұнда автобус аялдамаларындағы алаяқтық пен ұрлық фактісінің алдын алуға бағытталған күні-түні қызмет ететін бейнебақылау камерасы орнатылған.


Astana Innovations» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Асылбек Асановтың айтуынша, Қосшығұлұлы көшесінде орнатылған жүйе пилоттық жоба аясында іске қосылды. Егер жоба жақсы нәтиже көрсетсе, оны елорданың өзге де аялдамаларына орнату жоспарда бар.
Жүйе «Ақылды аудан» жобасы аясында «Astana Innovations» АҚ, «Сарыарқа» ауданы әкімдігімен және «IT SMART SOLUTIONS» ЖШС компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылғанын атап өткен жөн.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы