Елордада Орталық Азияның алғашқы эндоскопиялық форумы өтіп жатыр
Астанада Орталық Азияның алғашқы эндоскопиялық форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Орталық Азияның бірінші эндоскопиялық форумы» халықаралық форумы еліміз бен шетелден 500-ден астам тәжірибелі дәрігерлердің басын қосып отыр. Атап айтқанда, екі күнге жалғасатын медициналық жиынға елімізден бөлек, Жапония, Оңтүстік Корея, Түркия, Ресей, Тәжікстан, Моңғолия сынды 10 мемлекеттің мамандары қатысады.
Біздің ғылыми орталық онкология саласындағы үлкен жетістіктерімен және диагностика мен емдеудің эндоскопиялық әдістерін қолданумен мақтанады. Біз өзімізге жоғары стандарттар қоямыз және үнемі жұмысымызды жетілдіруге ұмтыламыз. Халықаралық серіктестермен ынтымақтастық орнату және әртүрлі елдердегі әріптестермен тәжірибе алмасу – біздің қызметіміздің маңызды аспектісі. Тек өзара әрекеттесу және жалпы, көп еңбектену арқылы біз эндоскопия саласын дамытып, онкологиялық ауруларды емдеудің тиімділігін арттыра аламыз. Біз бұл платформа онкологиялық аурулармен күресте жетекші мамандардың, ғалымдар мен практиктердің күш-жігерін біріктіреді деп сенеміз, - деді Ұлттық ғылыми онкология орталығы басшысының орынбасары Әділбек Мұқажанов.
Медициналық іс-шараны Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Ұлттық ғылыми онкология орталығы және Қазақ эндоскопиялық қоғамы ұйымдастырып отыр.
Форумның күн тәртібінде мамандардың пікір алмасуымен қатар, асқазан, тікішекке оталар, эндоскопиялық гастропластика отасы жасалады.